Семей шифер зауытында төтенше оқиға болып, өз өмірін сақтап қалу үшін зауыт жұмысшылары терезеден секіріп кеткен. Бес адам дене жарақаттарын алды. Үшеуінің жағдайы ауыр. Біздің түсірілім тобы оқиғаның мән - жайын біліп қайтты.

7 наурыз күні кешке Семей шифер зауытында ыстық су құбыры жарылды. Бұл зауыттың екінші қабатындағы душ бөлмесінде болды. Онда сол кезде 5 адам жуынып жатқан. Қайнап тұрған су жарылып, ғимарат іші будан көрінбей кеткен. Олар қайнап жатқан суға күйіп қалғанша терезеден секіруден басқа амал таппаған. Ыстық буға тұншыққан жұмысшылар ойланбастан киім-кешексіз терезеден секіруге шешім қабылдайды. Зардап шеккендерден сұхбат алу үшін Семей қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасына бардық. Олар нейрохирургия, политравма және отохирургия бөлімшелерінде жатыр. Үшеуі ауыр жағдайда. Зардап шеккендердің бірінің тек кішкентай ұлы мен науқас анасы бар. Ол отбасын асыраушы жалғыз адам. Жақындарына төрт жерде омыртқасы сынғанын қалай айтарын білмейді. Анасының жүрегі ауырады. Сол себепті, жүзін экраннан көрсетпеуді сұрады.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР:
Мен кіріп, ыстық суды қосып, сусабын қолдана бастағанымда қатты жарылыс болды. Қысымы қатты, өте қорқынышты. Бірдеңе жарылған сияқты. Ыстық су ағып, будың әсерінен біз есікке қарай беттей алмадық. Тыныс алу қиындай бастады. Ұзақ ойланбастан, терезені сындыра бастадық. Біріншісі секіріп кетті, содан кейін мен де қолымнан келгенінше сындырдым. Менің артымда тұрған жігіттер айқайлай бастады. Бір кезде мен де секіріп кеттім. Одан кейін кейбір жерлер ғана есімде бар.
ДУЛАТ КЬЮКОВ – ЗАУЫТ ЖҰМЫСШЫСЫ
Қайда барарымызды білмейміз. Ол жерде бізді ештеңе де қорғай алмаушы еді. Өртеніп кетер едік. Секіріп кеткеннен кейін, жедел жәрдем келгенше екі сағат бойы сол жерде жаттық. Қазір олар біздің өзімізді кінәлі деп отыр. Душты дұрыс пайдаланбадыңдар деп. Біз құлаған кезде көбі ес-түссіз болды, көбінің денесінде әйнек болды.


Енді жігіттердің бәрі осында жатыр. Оларға да көмек керек. Бізге де көмек керек. Қашан шығамыз пока белгісіз. Жұмыстан ақша бөлу керек. Кім виноват, соларды білу керек.

Зардап шеккен жұмысшылардың бірінің туыстарымен сөйлестік. Олардың айтуынша, бірнеше рет ота жасалған және зауыт басшылығы жұмысшылардың ем шығындарын мүлдем өтемейтін көрінеді.

ДИНАРА АБДЫЛХАИР – Д. КЬЮКОВТЫҢ ЖИЕНІ
Менің ағам Кьюков Дулат үш күн ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде болды. Екінші күні ғана ол палатаға ауыстырылды. Оның көптеген жарақаттары бар. Екі аяғы, жамбасы, шынтағы сынған, қолы кесілген, бас миының жарақаты бар. Менің ағаммен жұмыс істейтін басқаларда да осындай сынықтар мен көгерулер бар. Қазір жағдай тұрақты, бірақ ауыр. Кеше біз «Шифер зауыты» ЖШС Бас директорымен кездестік. Ол бізге болған оқиғаның себептерін түсіндірмеді және бізбен дауысын көтеріп сөйлесті. Жұмысшыларға төлемдер мен материалдық көмек беріледі деген өтіріктерге сене бермеңіздер деп бізге тікелей айтты.
САНДУҒАШ БАЙМАҒАМБЕТОВА – Е. БАЙМАҒАМБЕТОВТЫҢ ӘЙЕЛІ
Менің күйеуімнің оң аяғы сынған, тізе буынына қайта ота жасау керек. Тобық пен қолы сынған. Терезеден секірген кезде, көп жерлері кесілген. Миы шайқалған. Қазіргі уақытта ол ештеңеге қабілетсіз. Менің талабым – мұқият тергеу жүргізілу керек. Себебі, бұл өндірісте болған төтенше жағдай және бір емес, бірнеше адам терезеден секіріп кеткен. Менің өтінішім - көмек көрсету, өйткені олар отбасының асыраушысы болды.
Шифер зауытының директоры жағдайға түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартты. Сондықтан біздің түсірілім тобы ресми хат жолдап, жауабын күтеді. Сондай-ақ, еңбек инспекциясына барып, зардап шеккендердің құқықтары заң бойынша қалай қорғалатынын білдік.
ТОҚТАРБЕК ТҮСІПБАЕВ – ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бақылау басқармасымен бұйрық шығып, комиссия тағайындалады. Комиссия жұмыс үстінде. Комиссия жанағы болған оқиғаның жағдайларын себептерін бәрін анықтайды. Он күн жұмыс күн ішінде. Содан кейін акт жасалынады. Жанағы адамдарға болған уақыттарында емделу кезіндегі болған уақыттарына ақша төленеді.

Зауыт жұмысшыларының айтуынша, бұған дейін олар басшылыққа ыстық су құбырының дұрыс жұмыс істемейтіні туралы бірнеше рет хабарлаған. Алайда, жағдай шешімін таппаған.