Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов телеарнамыздағы «Әкім сағаты» бағдарламасына қатысты. 1 сағаттан артық уақыт ішінде қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Сауалдар тікелей байланыс нөмірі, ватсап және әлеуметтік желілер арқылы қабылданды. Эфир телеарнаның барлық әлеуметтік желілері арқылы да таратылды. Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов «Әкім сағаты» хабары арқылы семейліктердің сауалдарына жауап берді. Қала басшысы тұрғындарға ашық. Өткен жыл ішінде 160-тан астам кездесу өткізді. Сондай-ақ, 360-тан астам адамды қабылдаған. Басқа да кездесулер болды. Жаңа облыс орталығының келбетін жаңарту бағытында көптеген жобаларды қолға алды. 25 жыл оң өзгеріс болмаған қалада 1 жыл ішіндегі жаңалықтар жетерлік. Өткен жылы Семейдің 60 шақырым жолы жөнделіп, көлік қозғалысына жағдай жасалды. Тозып тұрған жер асты жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, орталықтандырылған бейнебақылау жүйесіне қосылды. Қалалықтардың көңілінен шыққан жұмыстардың қатарында жаңарған аялдамалар да бар. Бір жыл ішінде Семейде 110 жаңа аялдама пайда болды. Көпқабатты 41 үй көзтартарлық жаңа кейіпке енді. Сонымен қатар 70-тен аса аула жөнделді. Жаңа арбат, демалыс орындары ашылуда. Қаланы ретке келтіру мақсатында 2023 жылы рұқсатсыз жерде орнатылған заңсыз 73 гараж бен дүңгіршек алынды. Биыл 123 гараж алынады. Әкім эфир барысында тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Оның бірі Бобровка мен Мұрат кооперативтеріне қатысты.

НҰРБОЛ НҰРСАҒАТОВ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазіргі күні ликвид комиссиясы жұмыс жасап жатыр. Бобровка мен Мұрат кооперативтеріне желілерін ликвидациялық комиссия ТҮКШ балансына береді. Энергостбыт пен басқалармен келісім шарттар жасаймыз. Оған қарамастан желілерді жаңартуды қарастырдық, мердігер ұйым да бар, жаңа желі салу үшін құрылыс басталады.

Семейде көлік кептелісі бар. Әсіресе салмақ негізгі артерия Қабанбай батыр көшесіне түседі. Әкім Жамақаев көшесін ашу үшін жобалық сметалық құжат әзірленіп жатқанын айтты. Бұл жұмыс қыркүйекке дейін сараптамаға жіберілсе, көшені ашу алдағы жыл жоспарына кіреді. Дулатов көшесі де қарастырылып жатыр. Тұрғындар көптеген салалар бойынша сауалдарын қойды. Семей жастары қала әкімінің ерекше назарында. Жастар елдегі шаралардан қалыс қалмайтын қоғамның қозғаушы күші. Қала әкімімен кездесуде олар идеяларын жеткізді.

НҰРБОЛ НҰРСАҒАТОВ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жастардың ұсынысы көп. Біз бизнес инкубатор ашқымыз келеді, жастарға білгенімізді көрсеткіміз келеді деп айтады. Біз бюджеттен қаржы бөлдік, ғимарат алдық, қазір жөндеп жатырмыз. Жастардың бірге жиналып, ұйымдастырып жүмыс істейтін жері болады.

Семейде алғаш рет «Абай жастары» бағдарламасы қолға алынды. 41 жас отбасына пәтер берілді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында отандық өндірушілердің жәрмеңкесін қаланың әр ауданында ұйымдастыру, дүңгіршектерді көбейту қолға алынды. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында қалада үш мектептің құрылысы басталды. Қарағайлы ауданында нефрология орталығы салынуда. Жастар сарайының құрылысы басталды. Эфир барысында қалалықтардан түскен сауалдар қала басшылығының назарына алынатынын айтты.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА