Алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 1251 нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта құру қажет. Өткен жылы 198 нысан тексеріліп, 90 ғимараттағы кемшілік реттелді. Департамент өкілдері мен өздігінен жүре алмайтын қала тұрғыны облыс орталығында бірнеше нысанда рейд жүргізді. Әріптесім толықтырады.

РҮСТЕМ ҚАЙРАТҰЛЫ ТІЛШІ
Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға араласып қажетті нысандарға емін-еркін кіріп шығуына қолайлы жағдай жасау- әрбір мекеме, ұжым басшыларының басты міндеті. Осыны біле тұра түрлі жағдайларды сылтауратып, пандустар орнатуға көңіл аудармайтындар да бар екені шындық. Былтыр 1 шілдеден бастап заң күшейді. Бүгін Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің мамандарымен бірге бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралаймыз.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Абай облысы бойынша департаментінің мамандары тексеру жұмыстарын Абай театрынан бастады. Рейд кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустарды орнату барысында талаптардың дұрыс орындалмағаны анықталды.

МЕРЕЙ ҚАДЫШЕВ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
Бұл пандуспен енді мүмкіндігі шектеулі азамат шығып көрді. Бірақ өзінің құқықтарын қолдана алмады, Яғни талапқа сай емес. Құрылыс нормаларына сай келмейді деп айтсақ болады.

Облыста әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік инспекторлар тағайындалып, былтыр 51 тексеру жүргізді. Оның 28-і бақылау болса, 23-і жоспардан тексеру. Қорытындысы бойынша 13 әкімшілік іс қозғалып, жалпы соммасы 3 691 500 теңге көлемінде 12 айыппұл салынды. 1 іс аудандық соттың қарауында болып, 289 800 теңге көлемінде айыппұл салынды.

 МЕРЕЙ ҚАДЫШЕВ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
Жүргізіліп жатқан іс бұл профилактикалық түрде ұсынымдар беру болып саналады.Бұл жерде мекеме басшыларына құқықбұзушылықтарды көрсетіп мүгедектігі бар адамдарға арналған орта құру.бойынша түсіндіру жұмыстары.

Рейд барысында жер үсті өткелі, Абай атындағы орталық кітапханаға және нөмірі 1 емханаға бардық. Барлық жерде пандустар орнатылған. Бірақ көбінде құрылыс талаптары ескерілмеген,-дейді мамандар. Пандустарды тексеруге арналған рейдке мүмкіндігі шектеулі тұрғындар да қатысты.

РУСЛАН ЕРЕНБАЕВ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Жалпы, өткен жылы 60-қа жуық нысандарды аралап шықтық. Соның жартысынан көбі бізге бейімді деген жауап келді. Нәтиже бар. Ол үшін мониторингтік топпен шығып осылай ұсыныстар беріп, нысандарды бейімдеу туралы ұсыныстар беру керек.

Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қамтамасыз етпегені үшін: лауазымды тұлғаларға 50 АЕК, шағын және коммерциялық емес ұйымдарға 120, орта кәсіпкерлікке 700 мыңнан артық айып салынады. Ал ірі кәсіпкерілік нысандарына 1,5 млн теңге көлемінде айыппұл көзделген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта жасалмаған ғимараттар туралы еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Абай облысы бойынша департаментіне шағымдануға болады.


Рүстем Қайратұлы