Биыл «Серпін – 2050» бағдарламасына 10 жыл. Бұл әлеуметтік жобаның мақсаты халық тығыз орналасқан өңірлердің жастарын кадр жетіспеушілігі байқалған солтүстік, батыс және шығыс өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бағдарлама мыңдаған жастың өзге аймақтағы білім ордаларында оқуына жол ашты. Білім жобасы біздің өңірдегі 10 колледж бен 3 жоғары оқу орнын қамтыды. Қазіргі уақытта Серпін сұранысқа ие ме? Тілшіміз толықтырады. Серпін бағдарламасымен мамандарды даярлау облыстың жоғары оқу орындар мен коледждерінде жүзеге асырылып келеді. Басталғалы 10 жыл толып отырған білім жобасы биыл да жалғасын табуда. Біздің өңірдегі оқу 5 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Абай облысына көбінесе Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарының жастары келіп оқиды. Ал Батыс Қазақстаннан келетін жастар аз. Бұл аймақтан келетін студенттер университетте көбіне педагогика бағыты және де инженерлік, өңдеу, құрылыс пен ақпараттық технология мамандықтары бойынша білім алуды таңдайтын көрінеді. Биылғы оқу жылына Серпіндіктерге 3653 грант бөлінген.«Серпін – 2050» бағдарламасы түлектерінің бірі Қайсар Беделхан. Ол 2018 жылы Талдықорған қаласынан Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне оқуға түскен. 2021 жылы колледжді тәмәмдап, қазіргі уақытта облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығында еңбек етеді. Серпінге 2022 жылға дейін мамандықтар санының көптігіне орай грант та көбірек бөлінген. Бір ғана оқу орнына оңтүстік өңірлерден 5 мыңнан астам студент келетін. Қазір мамандықтар шектелгендіктен серпіндіктер педагогика, инженерлік, ауылшаруашылығы, ақпараттық технологиялар мен ветеринария факультеттерін таңдай алады. Бұл нарықтағы еңбек сұранысынна байланысты.
МАДИЖАННА МУРАТОВА