Семейде қыс мезгілінен кейінгі тазалық жұмыстары қарқын алды. Қала көшелерінде көктайғаққа қарсы себілген инертті материалдар жол жиегінде жиналып қалған. Қазіргі таңда мердігер ұйымдар осы құм-топырақты тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл бұл іске «Зеленстрой Семей» ЖШС және «ПК Азон» мекемесі жауапты. Қала бойынша 100-ден астам жұмысшы мен 50-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Мамандар тек орталық көшелерді ғана емес, шеткері аймақтарды да қамтуды көздеп отыр. Әсіресе, жаяу жүргіншілер жолдарына айрықша көңіл бөлінуде. Қыста себілген құм қазір шаң-тозаңға айналып, тұрғындарға қолайсыздық та тудырып отыр.