Абай облысында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтті. Семей қаласында және өңірдің барлық аудан орталықтарында ұйымдастырылған бұл іс-шара тұрғындарға құқықтық көмек көрсету мен олардың заң алдындағы сауаттылығын арттыруды мақсат етті.
Бұл игі бастамаға Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері де белсене қатысты. Акция барысында азаматтарға салықтық сұрақтар бойынша толығымен кеңес берілді.
Әсем Тұрлыбекова- МКД Абай облысы бойынша түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы
Бізге де азаматтар келіп жатыр. Шоттарының бұғатталуы жөнінде, берешек жөнінде, салық есептілігін қалай тапсыру керек, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кезде қандай режимді қолдансам, қайсы тиімді деген сұрақтармен келіп жатыр. Сондықтан мемлекеттік кірістер органдары осындай мәселелі сұрақтарды шешуде өз ықпалын көрсетті. Уақытында осындай ақпаратты беру ол болашақта салық бұзушылықтарына жол бермеудің маңызыды бір тарабы болып табылады.
Мемлекеттік кірістер органдарынан басқа тұрғындарға құқықтық кеңес беру үшін түрлі сала мамандары: адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылар және бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Рүстем Ракишев- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары
Өздеріңіз де байқағандай, бұл акция халық арасында үлкен сұранысқа ие. Адамдар келіп жатыр және бұл өте оң бастама деп санаймын. Олар бір жерге келіп, өздерін мазалаған сұрақтарға түрлі саланың мамандарынан жауап ала алады. Бұл құқық қорғау органдары болсын, мемлекеттік органдар болсын барлығы бір жерде. Осындай бастамалар елімізде құқықтық мемлекет қалыптастыруға және халықтың заңды білуіне үлкен септігін тигізеді.
Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері тұрғындарға салық заңнамасындағы өзекті тақырыптар мен жаңа мүмкіндіктер туралы ақпарат берді. Мәселен, кейбір азаматтар жеке кәсіпкер ретінде қай салық режимін қолданған тиімді екенін білгісі келді. Осы сынды сауалдарға нақты түсініктеме беру арқылы мамандар салықтық құқықбұзушылықтардың алдын алуға ықпал етуде.
Жанар Жақанова-Қала тұрғыны
Мен сұрақ- жауапқа мында келдім. Салық басқармасына сұрақтарым болды. 270 декларацияны кімдер тапсыра алады, сосын мына «Әмиян» қосымшасы туралы сұрадым. Мен .барлық сұрақтарға толық жауап ала алдым, көңіліме қонды, рақмет.
Шыңғыс Дидаров-Қала тұрғыны
Университетті аяқтаған соң жеке кәсіп ашу туралы ойлана бастадым. Жалпы, бизнеске қатысты көптеген сұрақтар туындады. Сол себепті Семей қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына келіп, өзімді қызықтырған сұрақтарды қойдым. Барлық сауалдарыма нақты әрі түсінікті жауап алдым. Өте жақсы, пайдалы шара деп бағалаймын.
«Халық заңгері» акциясы халық пен мемлекет арасындағы ашық диалог алаңына айналған. Мұндай кеңес беру шаралары азаматтардың заңдардан хабардар болуына ықпал етеді. Мемлекеттік кірістер басқармасы белсенді қатысып, салықтық мәдениетті қалыптастыру ісіне үлес қосты.
Арайлым Әлиханова