Семейдегі Суық бастау кентіндегі аспалы көпір апатты жағдайда. Жаяу жүргіншінің өткелі елдімекен мен саяжай арасын жалғайтын жалғыз жол. Онда жазда 200-дің үстінде халық тұрады. Қыстайтындар да аз емес. Бүгінде осы аумақтың тұрғындары әрең тұрған аспалы көпір көктемгі тасқынға шыдас бермей үзіліп кете ме деп алаңдаулы. Жағдаймен әріптестеріміз танысып қайтты.
Салынғалы жөнді жөндеу көрмеген аспалы көпірдің темір арқандары бүгінде әбден тозған. Тұрғындар кез-келген уақытта өткел құлап, қаламен қатынассыз қаламыз ба деп отыр. Анатолий Родичкин саяжай аумағында 25 жылдан бері тұратындықтан, жалғыз көпірдің жағдайын жақсы біледі. 35 жыл өтсе де, күрделі жөндеу көрмеген көпірді, көктемде тасқын құлатып кете ме деп қорыққатынын жасырмайды. Ол қазірден өз бетінше мұзды қолмен ойып, су арнасын кеңейтумен жүр.
Анатолий Родичкин - Саяжай тұрғыны
Ескірген соң, созылып кетті. Қазір суға дейін жетіп тұр. Жөндеу керек қой. Қаржы керек. Тұрғындардың өз қолынан келмейтіндігі белгілі. Әкімшілікке сеніп отырмыз.
Қазір саяжайда 10-нан астам отбасы тұрып жатыр. Биыл жылдағыдай қатты аяз болмады. Өзеннің тереңдігі мен ағысын болжау қиын. Ақпанның басында өзен көтеріліп, су көпірден асып кеткен. Тасқынға өткелдің темір арқандарының кейбірі үзіліп шыдас бермеген. Енді күн жылына жағдай мүлдем ушығады дейді тұрғындар.
Икен Қараханова - Саяжай тұрғыны
Құлайды, құлайды! Шыдамайды ол. Сіз жаңа көрдіңіз өзіңіз көрдіңіз қалай жатқанын. ЧС келді. Эвакуация жасайық деп. Қайда жасайды. Бір ай жасайды, екі ай жасайды. Одан кейін не істейді? Малы бар қайткенмен. Міне, біз де бәрін тастап, жауып кеттік. Не істейміз?
Қала әкімдігі жағдайдан хабардар. Жазда өткелдің тақтайларын ауыстырып беріпті. Ал техникалық жағдайына сараптама жасалып, тексеруден өтпеген. Қашан толық жөнделетіндігі де белгісіз көрінеді.
Берік Нұрболатов - Қала әкімінің төтенше жағдайлар бойынша кеңесшісінің міндетін атқарушы
14 ақпан күні тиісті мамандармен бірге, бас инспектормен аспалы көпірдің үзілген жерлерін қалпына келтіру жүргізген болатынбыз. Енді нақты осы күнге деген жоспар жоқ. Біздің күнделікті күн тәртібімізде. Назарымызда.
«Қазгидромет» еліміздің 9 облысы көктемгі тасқын судан зардап шегуі мүмкін деген болжамын жариялады. Абай облысы су тасқыны қаупі жоғары аумақтардың бірі екені анықталды. Сараптама кезінде ауа райы, ылғал мөлшері, жердің беткі қабатының қату қалыңдығы ескерілген. Бұл ақпарат Ертіс жағасын мекендеген елді алаңдатып отыр.