Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Татарстаннан келген делегация өкілдерімен кездесті. Делегация құрамына Татарстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Марат Зяббаров, Министрлік өкілдері, республиканың жетекші өңдеу кәсіпорындарының басшылары, ауыл кооперациясын дамыту жөніндегі мамандар және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер бар. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Татарстан делегациясымен кездесуі барысында ауылшаруашылығын дамыту үшін тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, өңірлер арасындағы ынтымақтастық технологияларды жақсартуда және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Нұрлан Ұранхаев –Абай облысының әкімі

Мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамыту тұрғысында қандай да бір мүмкіндіктер болса, сіздер жақтан үйренгіміз келеді. Өсімдік шаруашылығына келсек, сіздердің жерлеріңіз әлдеқайда құнарлы болғандықтан өнімділік те жақсы. Тарихи тұрғыдан алғанда бұрыннан ауыл шаруашылығы дамыған аймақ қатарындамыз, бізде ірі қара мал көп болды, ал жалпы қой өсіруге мамандандық.

Аймақтың логистикасы бизнес үшін тиімді. Абай облысының өкілдері Ресей және Қытаймен арадағы саудаға аймақтың географиялық жағынан қолайлы екенін атап өтті. Облыс теміржол инфрақұрылымының дамуы және жаңа жолдардың құрылысымен халықаралық сауда үшін маңызды логистикалық торапқа айналуы мүмкін, бұл инвестициялық жобаларды іске асыруға және өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Рүстем Ворошилов – Абай облысы кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы

Біздің облыс, ол жоғары логистикалық әлеуетке ие, кез-келген инвестициялық жобаны жүзеге асыра отырып, сіз біздің аумақпен бірге Ресей Федерациясын да қамти аласыз, сонымен қатар сәйкесінше Қытай Халық Республикасы да алыс емес, ол ел Семей қаласынан 500-450 шақырым қашықтықта орналасқан.

Делегация Абай облысының ет және сүт шаруашылығы саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытты. Татарстан Республикасы Ресейдегі сүт өндірісі бойынша көшбасшылардың бірі және қонақтар Абай облысының сүт бағытын одан әрі дамыту үшін өз технологияларын ұсынды. Татарстан Премьер-Министрінің орынбасары Марат Зяббаров республика етті мал шаруашылығын да белсенді дамытып, мал генетикасын, соның ішінде қазақтың ақбас тұқымын жақсартатынын атап өтті. Абай облысы және Татарстан малдың генетикалық сипаттамаларын жақсарту бойынша тәжірибе алмасуға мүдделі, бұл аймақтағы мал басының өнімділігі мен ет сапасын арттыруға ықпал етеді.

Марат Зяббаров - Татарстан республикасы Премьер-министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі

Сіздердің өңірдегі мал бордақылаудың қалай жүріп жатқанын зерттеп, әртүрлі санаттағы үш шаруашылықпен таныстық. Жұмыстың барысын көрдік. Бұл біз үшін өте қызықты болды. Алдағы уақытта зерттеп көріп, қарастырамыз.

Сапар қорытындысы бойынша өңірлер арасында тәжірибе алмасуды жалғастыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобалар қарастыру бойынша шешім қабылданды. Татарстан делегациясы жергілікті технологияларды одан әрі зерделеуге және оларды өз аумағында енгізуге қызығушылық білдірді. Сондай-ақ, екі аймақтың ауыл шаруашылығын дамыту үшін білім мен тәжірибені тиімді ұштастыру бағытында мамандарды оқыту мәселесі талқыланды.