СЕМЕЙДЕ ДОМБЫРАШЫЛАР ШЕРУІ ӨТТІ

Қаламызда домбыра күніне орайластырылып алғаш рет домбырашылар шеруі өтті. Мәдени шараны Семей қаласының тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық мәдениет сарайы ұйымдастырды.

 «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Домбыра ұлт тарихының жаршысы десе де артық болмас. Кезінде бабаларымыз күмбірлеген қос ішекті аспап пен алмас қылышты майданда серік еткен, қара қылды қақ жаратын би-төрелеріміз де домбыраның арқасында сан-түрлі дауларды шешкен. Қазіргі таңда домбыра әлем бойынша танымал аспаптардың біріне айналды. Сондықтан, ұлттық аспапты өзіміздің елімізде насихаттаудың маңызы зор.

ЕРКЕБҰЛАН ЕНКЕБАЕВ – ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ САРАЙЫНЫҢ РЕЖИССЕРІ
Қаламыздың осындай көрікті жерлерімен ұлттық киімімізбен, ұлттық аспабымызбен шеру жасайық деп отырмыз. Мұнда 200-ге жуық адам қатысайын деп отыр. Көшеде кетіп бара жатқанда қатарымызға қосылатын адамдар болса, қосылуға болады. Бұл үлкен бір челлендж ретінде басқа қалаларға да жолдайық деп отырмыз. Өйткені, бұл бастама Семей қаласынан басталып отыр.

Домбыра халқымыздың асыл қазынасы, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып келе жатқан ата-бабаларымыздың аманаты. Домбыра күні елімізде 2018 жылдан бері мерекеленіп келеді, осы уақыт аралығында ұлттық аспапқа деген қызығушылық артып, оны жоғары деңгейде меңгерген өнерпаздар көбейіп келеді. Інжу Серікқазы Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясының оқушысы. Осы шеруде сыныптастарымен бірге Салкүрең күйін ойнап беруге ниетті. Інжу күнделікті өзінің шеберлігін шыңдап, ұлттық аспапты дәріптеп жүргенін айтты.

ІНЖУ СЕРІКҚАЗЫ №37 ГИМНАЗИЯ ОҚУШЫСЫ
Осы домбыра шеруіне қатысып отырмын, әрі домбыра үйірмесіне қатысып жүргеніме жарты жылдай болды. Домбыраны өте қатты жақсы көремін, әр күн сайын шертемін. Осындай шерулердің көп болғанын өте қалаймын. Әрбір адам домбырасы асыл, қасиетті аспап ретінде қадірлесе, құрметтесе екен деп ойлаймын.

Домбырашылар шеруін қала тұрғындары жылы қабылдады. Біреулері телефондарына түсірсе, басқалары шеруге қосылып, бірге ән салып, көңіл көтерді. Келешекте осындай шаралар қаламызда көптеп болсын деп тілек білдіргендер де бар.

Керемет сезімде болдық, осындай домбыра күніне ұйымдастырылған шара ұнады бізге. Жүгіріп ана жақтан келе жатырмыз осыны көру үшін. Осындай шаралар көп болсын, осылай бізді қуантып жүре берсін.

Өте тамаша сезімде болдық, қазақтың ұлттық киімдерін көріп, әнін естіп, көңіл-күйіміз көтеріліп қалды, рақмет. Көп бола берсін, қазағымыздың киімін, домбыраны нақыштап, қазақтың ұлттық әндерін жастарға бағыттау керек деп ойлаймын.

Домбыра күнінің ауқымы кеңейіп келеді. Музейлер атақты домбырашылардың аспаптарын көрмеге қойып насихаттаса, мәдениет саласының қызметкерлері әсем әуезді, сазды концерттерімен халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.