Абай облысы алдағы жылу беру маусымына дайындалуда. Облыс қалалары мен аудандарындағы желілерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қыс мезгілінде тұтынушыларды жылумен тұрақты қамтамасыз ету үшін жөндеуге қомақты қаржы бөлінді.

Облыста орталықтандырылған жылумен жабдықтауды 11 кәсіпорын қамтамасыз етеді, оның 44 жылу көзі және 273-і бюджеттік ұйымдарға қызмет көрсететін дербес қазандық. Олардың ішінде қуаты сағатына 100 Гкал -дан асатын 4 ірі жылу қазандығы бар. Олар 1- ЖЭО, РК-1, Семей қаласындағы "орталық" қазандығы және Бородулиха ауданы Жезкент кентіндегі қазандық. Ал қуаты 100 Гкал -дан төмен 40 жылу қазандығы Семей қаласында және облыстың 6 ауданында орналасқан. Өткен жылы 45 шақырым жылу желісі және 20 жылу көзінде жаңарту жұмыстары 24 млрд теңгеге жүргізілген. Бұл жылу желілерінің тозуын 64,2% - ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

ДИМИТРИЙ ГАРИКОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Биыл жоспар бойынша 37 шақырым жылу желісі мен 11 жылу көзі жөнделеді, оған 11 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы да қосмыша 4,8 млрд теңге қажет болады және барлық жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 18 млрд теңгені құрайды. Кварталішілік жылу трассаларын ауыстыру жұмыстары сол жағалауда да, оң жағалауда да жүргізіледі.

Жөндеу жұмыстары Абай облысының барлық аудандарында қолға алынды. Бородулиха ауданында жаңа модульдік қазандық пен 1 шақырымнан асатын жылу желісін салу жоспарланған. Курчатов қаласында 4 жылу көзін жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ, жұмыстар Жарма, Аягөз және Абай аудандарында жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, егер бәрі жоспардағыдай іске асса, тозған жылу желілері 56,4% - ға дейін азаяды.

ЖАНДОС ҚАЙЫРХАНОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Облыс бойынша осы жылыту маусымына дайындық жоспары бекітілді, сол жоспарға сәйкес, қазіргі таңда бізде облыс бойынша жылыту маусымы дайындық ретінде жылу желілерін, жылу көздерін реконструкция, ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Жоспарға сәйкес биылғы жұмыстарды уақытымен бітірсек, жаңа айтып кеттім ғой 64,2% түсіргенбіз деп, енді сол 64,2%-дан, 56,4%-ға төмендеу жоспарлануда, жылу желілердің тозығын төмендету осы жоспарда бар.

Семей қаласында 19 жоба жоспарланған. Ірі жобалардың бірі «Орталық» қазандығынан Қайым Мұхамедханов 48-ші үйге дейінгі магистральдық жылу желісін ауыстыру.

ЖАНДОС ҚАЙЫРХАНОВ – АБАЙ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Бізде жылу орталықтары бар, центральный тепловой пункт дейміз, 1-микрорайонда, 66-номері, орталық жылу пункті одан кейін, 15/1 жылу орталығы бар, сондай 9 үлкен жоба, бұл жерде жылу беру орталығын түгелдей жаңартылады, жәнеде сол жердегі маңайындағы, сол аудандағы, аудан ішіндегі жылу желілері қоса ауыстырылатын болады.

Семей қаласын жылумен жабдықтаудағы негізгі мәселенің бірі жылу энергиясының тапшылығы болып қалып отыр. Қаланың оң жағалауында сағатына 147 Гкал жетпейді. Бұл мәселені шешу үшін қуаты 360 МВт және 1 сағатына 200 Гкал жылу беретін 3-ЖЭО салу жоспарда. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталу сатысына келіп қалды. Жылу инфрақұрылымын жаңғырту және жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сай келеді.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА