Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен «Әрқашан күн сөнбесін» атты мерекелік шара өтті. Балаларды облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев құттықтап, орталыққа арнайы сыйын табыстады. Балаларды қорғау күні жыл сайын аталып өтілетін халықаралық мейрам. Бұл күні балалардың қолайлы ортада өсу мәселесі ерекше назарда болады. Ерекшеліктері бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы 2024 жылы жаңа ғимаратқа көшірілді. Ата-аналар мен орталық мамандарының айтуынша, жаңа орталықта балалардың денсаулығы жақсарып, өздерін қолайлы сезінуге жағдай туды. Себебі, әр баланың ерекшелігіне сай үлкен бөлмелер мен арнайы құралдар қажет.
РЫМЖАН ТЫНЫСОВА – АБАЙ ОБЛЫСЫ АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Балаларды қорғау күніне арналған «Әрқашан күн сөнбесін» атты іс-шарамыз өтіп жатыр. Мұнда біздің орталықтан қызмет алатын балалар, олардың ата-аналары, келген қонақтар жиналып жатыр. Мына өтіп жатқан іс-шара үлкен қуанышты күндері өтіп жатыр. Себебі, бұған дейін біз өте тар жерде болдық. Шоқан Уалиханов көшесіндегі орталығымыз қала және облыс әкімдерінің көмегімен, сол кісілердің мүмкіндігі шектеулі балаларға деген үлкен назарымен осы ғимаратты жалға алып беріп отыр.
Орталық директорының айтуынша, жаңа ғимаратқа көшудің арқасында балаларға жағдай жақсарды. Орталық жаңадан жабдықталып, ғимарат ішіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бастысы – балалардың ерекшеліктеріне сай медициналық құрал-жабдықтар алуға қаражат бөлінді. Балаларды құттықтауға келген облыс әкімі орталыққа автобус сыйға тартты.
НҰРЛАН ҰРАНХАЕВ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Балаларға қолайлы орта жасап, оларды қоғамға бейімдеу – біздің басты мақсатымыз. Былтыр, өздеріңіз білесіздер, осы ғимарат орталыққа берілңп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бүгін, міне, осының лайықты жалғасы ретінде орталық базасы жаңа автобуспен толығып отыр, құтты болсын.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы тәрбиеленушілерінің ата-аналары өз кезектерінде жайлы жағдай жасалғанына алғыстарын айтты.
ТОЛҚЫН ДУТБАЕВА – АТА-АНА
Әрине, іші үлкен, балаларымызға емін-еркін жүргенге, ауасы да кең, ауласы да кең, асыр салып ойнағанға. Біздің балаларға осындай ауасы кең жер көп керек қой. Осы мейрам-шара жоғары деңгейде, қызықты болып өтіп жатыр, рахмет.
Абай облысының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызметін 391 бала алып отыр. Оларға 100-ден астам маман қызмет көрсетеді. Орталық музыка сыныбы, терапия бөлмелері, ойын бөлмелері және жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталған. Қызмет алушылардың жас ерекшеліктерінде шектеу жоқ, олардың әрқайсымен арнайы жұмыс жүргізіліп, қоғамға бейімделуіне, өздерін еркін ұстауға үйренуіне барлық жағдай жасалған. Орталықта жыл сайын балаларды қорғау күніне орай онкүндік аталып өтіледі. Оның аясында қызмет алушыларға қайырымдылық ас, биологиялық орталыққа бару, мұражайларды аралау мен азық-түлік, киім-кешек және ойыншықтармен қамтамасыз ету бойынша қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.
СҰЛТАН ЖОЛАМАНОВ