Alikhan Bokeikhan University - де «Job Fair-2024» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Университет түлектері үшін 67 компания бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге барлығы 500-ге жуық студент қатысты. Әлихан Бөкейхан атындағы университетте жыл сайын «Job Fair» бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі. Биыл да студенттерге Абай облысының еңбек нарығында бар бос қызмет орындары ұсынылды. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, Абай облысы соттарының, прокуратураның, ішкі істер органдарының және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшылары мен мамандары, сондай-ақ, жәрмеңкеге білім беру мекемелерінің, түрлі мемлекеттік және жеке компаниялардың өкілдері де қатысты.
ГҮЛЖАН АЛТЫНБЕКОВА- ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Бүгінгі жәрмеңкеге 67 мекеме қатысып отыр. Өйткені, әрбір мекемеге мамандар қажет. Сондықтан да барлығы қатысып отыр. Жалпы бізде бүгінгі жәрмеңкеге 500- ден артық студент қатысуда.
Жәрмеңке барысында университет түлектері аймақтың жұмыс берушілеріне тікелей хабарласып, өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алды. Жұмыс берушілер өз кезегінде білікті мамандарды таңдайды.
АРАЙ ҚАБДУЛЛИНА-ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Жалпы еңбек мобильділігі орталығының басты мақсаты - жастарды тұрақты жұмыспен қамту. Егер де тұрақты, лайықты жұмыс орындар болмайтын жағдайда, біз субсидиялайтын жұмыс орындарына жолдаймыз. Бізде жастарға арналған, яғни 35 жасқа дейінгі жастарға, 3 жоба бар. Бұл жастар практикасы, ұрпақтар келісім шарты және де алғашқы жұмыс орыны.
Жәрмеңкеге заң факультетінің, ақпараттық технологиялар және экономика факультетінің, сондай-ақ гуманитарлық факультеттің студенттері қатысты. Олардың сөзінше мұндай іс-шаралардың маңызы өте зор.
ӘЛИЯ ӘБДІҒАЛИЕВА-СТУДЕНТ
Жалпы барлығы ұнап жатыр, жақсы ұйымдастырылған. Жан-жақты кәсіпкерлерден, және де үлкен компаниялардан келіп отырғандарын көріп отырмыз. Жалпы барлығы қамтамасыз етілген, көп вакансиялар қарастырылған. Соның ішінде өзіме ұнағандарын таңдай алдым.
СЕРІККЕЛДІ ЖАҢАКЕЛДІҰЛЫ-СТУДЕНТ
Менің мамандығым - мемлекеттік және жергілікті басқару. Мен өз орнымды таптым деп ойлаймын. Бұйырса, жастар орталығында облыстық ішкі саясатта алдағы уақытта қызмет атқарамын деген үміттемін.
Студенттер мұндай жәрмеңкелерді жиі өткізу керек екенін атап өтті, өйткені олар жас мамандарға қолайлы жұмыс орнын тез табуға мүмкіндік береді.