Өлеңмен өрілген отты жылдар
Жеңістің 80 жылдығына орай қалада мерейтойлық фестиваль өтті. Батырларымыздың ерлігі ұлықталып, өлеңмен өрілген отты жылдар әндері шырқалды.
1941 жылы Семей қаласында екі атқыштар дивизиясы құрылған. 238-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы мен 8-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлік жолы тарихта алтын әріппен басылды. Семей өңірінен 103 мыңнан астам адам соғысқа аттанды. Соның 44 мыңнан көбі жат жерде, оқ пен оттың ортасында қаза тапты. Қазіргі таңда қаламызда майданнан аман оралған көзі тірі екі ардагер ғана бар.
КЕНЖЕБАЙ БЕРДІКЕНОВ – ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Біздің мақсатымыз осы гвардиялық атқыштар дивизиясының құрметіне жастарға тәрбие беру, үлгі көрсету. Солардың ерліктерін елге паш ету болып табылады. Жерлестеріміздің арасынан 56 адам Совет Одағының батыры атағын алса, 13 адам Даңқ орденінің толық ковалері болып есептеледі.
Соғыс әндері сол жылдардағы қайғылы да қаһарлы кезеңді бейнелейтін, ауыр кезеңдегі оқиғаларды жас ұрпаққа жеткізудің әсерлі жолы. Қалалық фестивальге «Ахау Семей», «Айша бибі», Орыс хоры, Татар ән-би ансамблі өзге де ұжымдармен қатар жеке әншілер де өнер көрсетті.
ҚҰСМІЛИЯ НҰРҚАСЫМОВ – ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Мен кәсіби әнші емеспін, көркем өнерпазбын, Сол рухты алып, Отан соғысының жауынгерінше киініп, домбырамды қолыма алып, сол әкем айтқан Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қыз» деген әні соны барлық майдангерлерге, олардың ұрпақтарына, кешегі аналарымызға барлығына арнағым келеді.
ӘНУАР БАЛТАБЕК – «ЖАС САРБАЗ» СЫНЫБЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ
Біз қойылымды соғыс кезендегі қиын жағдайларды, қиын жылдарды көрсетіп, Ах самара городок әнімен Асыл әжелер кеңесімен қойғалы жатырмыз. Біз қазір бейбіт заманда, бейбіт өмірде өмір сүріп жатырмыз соны қадірлеу керек.
Сахнада шырқалған әскери әндер көрерменнің жүрегіне терең әсер етті. Өткен ғасырдың өртіне айналған соғыс жылдарын еске түсіріп, ерлік пен төзімнің символына айналған аға буынның аманатын жаңғыртты.
АЛИНА АЗБЕРГЕНОВА