Семей медицина университеті мектеп, лицей, гимназиялардың жоғары сынып оқушылары үшін ашық есік күнін өткізді. Бір атап өтерлігі –биылғы шараға біздің өңірден бөлек көршілес, Шығыс Қазақстан және Павлодар облысының шәкірттері де шақырылған. Шара барысында оқу орнының білім бағдарламасы, инфрақұрылымы, профессорлық-оқытушылық құрамы жайлы жан-жақты ақпарат берілді.

СМУ өз мүмкіншілігімен кеңірек таныстыру үшін мектептер мен лицейлер және гимназиялардың жоғары сынып оқушыларының басын қосты. Ашық есік күні шарасына Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысының шәкірттері шақырылды.

Жанаргүл Смаилова «СМУ» ҚеАҚ академиялық және тәрбие жұмысы бойынша проректоры

Көптеген мектептерден келді. Тек қана оқушылар ғана емес, олардың мұғалімдері, ата-аналары да келіп жатыр. Оларда оқу процесіне, оның ұйымдастырылуына, жатақханамен қамтамасыз етілуіне, барлығына қызығушылық тударып, жан-жақты сұрақтар қойып, өздеріне қатысты жауаптарын алып жатыр.

Ашық есік күніне келген ата-аналардың бірі – Гүлжан Советханқызы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданынан келген. Университеттің бәсекеге қабілетті білікті маман даярлап шығатынын бұрыннан білетіндіктен қыздарының осы білім ордасында оқығанын қалап отыр.

ГҮЛЖАН СОВЕТХАНҚЫЗЫ, АТА-АНА

Қызымды ертіп әкеп тұрмын. Қызым негізі кішкентай кезінен дәрігер болғысы келген, арманы сол. Семей медицина универистетіне көптен-көп алғысымды білдіремін. Бала қай жерде оқу керегін алдын-ала көріп, біліп танысу керек деп ойлаймын.

500 аса оқушы қатысқан ашық есік күнінде жалпы медицина, қоғамдық денсаулық, стоматология, мейіргер ісі, фармация, педиатрия мамандықтары бойынша ақпараттар берілді. Университетте қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде грант немесе ақылы оқуға болады. Әскери кафедрасы тағы бар.

ӘЛИНҰР МӘМЕТОВ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ

Осындай күндер балалаларға мамандықты таңдауға және де өзінің ойын мамандық туралы дұрыстап қалыптастыруға көмектеседі. Осындай күндер өткізілсе өте жақсы болады. Себебі, балаларға қазіргі кезде мамандық таңдауда өте қиын.

73 жылдық тарихы бар Семей медицина университеті өңіріміздегі ғана емес, еліміздегі білікті дәрігерлердің ұстаханасы. Сондай-ақ, шекара асып, ғылым қуып, өз білімін әлемде дәлелдеп жүргендері де бар.