Облыстық «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы кезекті рет жақсы істің ұйытқысы болды. Бүгін орталық жастары «Таза Қазақстан» акциясы аясында Семейде «Эко мәдениет: шоппер таңда» акциясын өткізіп, тұрғындарға экошопперлерді тегін таратты.

Бүгінде көптеген мемлекеттер полиэтиленнің қоршаған ортаға зиянын ескеріп, оны пайдаланудан бас тартқан. Біздің елде де оның экологияға залалы туралы жиі айтылғанымен әлі де пайдалануға шектеу қойылмаған. Қоршаған ортаны, табиғатты ойлаған жастар тұрғындарды шоппер қолдануға шақырды. Матадан тігілген дорба көп қолдануға жарамды.

Әнуар Жазитов – «Абай жастары» облыстық жастар ресурстық орталығының маманы

Бұл акцияның негізгі мақсаты осы супермаркеттерде көбінесе тұтынушылар полиэтилен пакеттерін қолданып жатады. Біз осы тұтынушыларды полиэтилен пакеттерінен бас тартуға, оларды азырақ тұтынуға шақырып, экологиялық тиімді әрі пайдалы, көп реттік қолдануға келетін шопперларды таратып, оны... осындай ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жасап жатырмыз.

Сауда жасап, қажет затын полиэтилен пакетіне салып шыққан тұрғындар жастардың сөзіне құлақ асты. Азық-түліктерін шопперге салып, табиғаттың тазалығына титтей де болса үлес қосайық дегендер кездесті. Кей тұрғындар бұрынғы торкөз немесе шүберектен тігілген дорбаларды қайта қолдансақ жақсы деген ойларын айтты.

Қала тұрғыны

Мынаны бір емес, бірнеше рет қолдануға болады енді. Ол енді өзіңнің ұстағаныңа байланысты. Ал енді пакет ол одноразовый нәрсе ғой. Мынау енді удобный нәрсе. Өте тамаша. Біздің кезімізде сетка болды. Сетка ұстайтынбыз. Қазір дамып келеді ғой, жылдан-жылға. Жақсы өте тамаша.

Қала тұрғыны

Қазіргі мына полиэтилен пакеттердің бәрі ауа ластайды. Олар өзі 500 жылдан кейін ғана бірақ жойылатын нәрсе. Ол қанша бала-шағамызға, немеремізге зиян болады ды ол. Сондықтан қазақстандықтардың бәрін шақырамын. Таза, экологиялық таза осындай таза өнімдер қолдануға.

Жастардың айтуынша, мұндай акциялар жыл бойы жалғасады. Белсенділер алдағы уақытта да сауда орындарында тұрғындарға қағаз пакеттер немесе матадан тігілген шопперлер қолдану жайын түсіндіре бермек.