Семейде Оқушылар сарайының құрылысы жалғасып жатыр. Бұл балалар білім алып, өз таланттарын дамыта алатын заманауи білім беру орталығы. 9800 шаршы метрлік кең ғимарат 2,1 гектар жерге орналасқан. Бір мезетте 500-ге жуық оқушыны қабылдай алады.
Абай облысы құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, жұмыстың негізгі кезеңі аяқталды. Металл құрылымдары тұрғызылып, кірпіштері толық қаланып бітті, сондай-ақ, қасбет жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді монтаждау және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 54 маман мен 2 техника жұмылдырылды.
Шыңғыс Риаханов – Абай облысы құрылыс басқармасының басшысы
Қазіргі уақытта сыртқы әйнектерін орнату жұмыстары жүріп жатыр, жақын арада ішкі әрлеу және қасбетті орнату жұмыстарын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы оқушылар сарайы 6-бағытта жұмыс істейді, бұлар ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық, спорт-сауықтыру, гумманитарлық, психологиялық тарихи-өлкетану сияқты бағыттар.
Құрылыс жұмыстарының қарқынды болғанына қарамастан, қаржыландыру мәселесі әлі де толық шешілмеген. Басында жұмыстар облыстық бюджет есебінен жүргізілді, десек те бүгінгі күні бөлінген қаражат таусылды. Қазір билік өкілдері республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу бойынша шешім күтуде.
Димитрий Гариков – Абай облысы әкімінің орынбасары
Әуезов 1 мекен-жайы бойынша салынып жатқан оқушылар сарайы туралы айтатын болсам, қаржы бойынша әлі де мәселелер бар. Біз бұл ғимаратты облыстық бюджет қаражаты есебінен салуды бастағанбыз, өткен жылы құрылысты бастау үшін шамамен 2,8 миллиард теңге бөлдік. Ғимараттың жалпы құны 11 миллиард теңге. Жағдайды Қаржы министрлігі мен Білім министрлігіне мәлімдедік, енді мәселенің шешілуін күтеміз. Бірақ қандай жағдай болмасын осы жылы нысан құрылысын аяқтауымыз қажет.
Оқушылар сарайы балалар мен жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды нысан болмақ. Дегенмен, аяқталу мерзімі қосымша қаржыландыруға байланысты. Бұл мәселе бойынша нақты шешім жақын арада қабылданады деп күтілуде