Семей қаласы ардагерлер кеңесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал-адам, адал-еңбек, адал табыс» бағдарламасының шаһардың әр саласындағы ардагерлер ұйымдарында орындалу барысы туралы Пленум өткізді. Қалалық әкімдік ғимаратында өткен жиынға Ардагерлер кеңесінің мүшелері, әкімдік қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысты.

Жиында мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда сеніп тапсырған «Адал-адам, адал-еңбек, адал табыс» тұжырымдамасының орындалуы мен жеңістің 80 жылдығына арналған іс шаралар жоспары талқыланды. Ұлт саулығы, ел болашағы, білімді ұрпақ тақырыбында жан-жақты пікір алмасқан қариялар Семей қаласының әр саладағы ардагерлер ұйымдарына бірқатар ұсынысын жеткізді. Алдағы уақытта бірлестіктер ұлттық құндылық, салт-дәстүр, идеология тақырыптарын негізге ала отырып ауқымды кездесулер өткізуі тиіс. Сондай-ақ, жастардың болашағына етене араласулары қажет. Аталған мәселелер күн тәртібіне енгізілді.

Асхат Дюсембаев – Халықаралық экономист

Біздің Семей қаласының ардагерлер кеңесі көптеген жұмыс істеп жатыр, жылдың қорытындысын береді. Көптен көп жұмыстар, біз оған өте ризамыз. Қазіргі кезде жастарға көп көңіл бөлу керек. Көңіл бөлгенде жай көңіл бөлмеу керек. Мысалы айтатын болсақ біздің жастар қазіргі кезде бүкіл дүниежүзінің әлемдік экономикасы қатысып жатыр. Оған қандай айғақ? Мысалы айтатын болсақ, бүгінгі күнде шетелде 200 мың жас жұмыс істеп жатыр. Жай істеген жоқ олар үлкен үлкен Айти компаниялар болсын, проектарға қатысып ақша шығарып жатыр. Оларға біз дұрыс қарауымыз керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Семей қаласы Ардагерлер кеңесі көптеген шара өткізген. Олардың ішінде ең ауқымдылары «Ардагерлер ұлт ұйытқысы, ұрпақ жалғасы, Отан қорғаушы жастар» деген атпен ұйымдастырылған шара. Оған 500 азамат қатысқан. Ал, «Семей орманы – менің орманым» ағаш отырғызу акциясында 700 адам белсенділік танытқан. Ардагерлер кеңесінің мүшелері Президенттің әр тапсырмасын орындау басты міндетіміз -, дейді.

Мәулет Қилыбаев – Семей қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі

Біздің көзіміздің қарашығындай сақтайтын үш құндылығымыз бар дейді. Оның бірі ана тіліміз, екіншісі ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен алған жеріміз осыны біз қадірлеуіміз керек, үшіншісі қандай қиыншылықта болса да бізді алып шыққан береке бірлігіміз. Олай болса осы адал еңбекті, адал табысты, адал азаматты дүниеге келтіріп оны әрі қарай тәрбиелеу осы қауымның міндеті деп мен өзім ойлаймын.

Ардагерлер пленумына қатысқан Семей қаласы әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаев жиында көтерілген әр бастаманың әкімдік тарапынан қолдау табатынын айтты. Ел игілігі жолында атқарған еңбектері үшін қарияларға алғыс білдірді.

Арайбек Хамзаев – Семей қаласы әкімінің орынбасары

Мемлекет басшысының «Адал – адам, адал – еңбек, адал - табыс» бағдарламасын іске асыру аясында сіздердің жасап жатқан еңбектеріңіз ұшан теңіз. Сіздер қаламыздың жан-жақты дамуы үшін кең ауқымды жұмыс атқарып жүрсіздер. Бүгінгі айтылған бастамалар соның ішіндегі бір бөлігі ғана. Келешекте осындай отырыстар көп болса деген ойымыз бар. Қаламыздың дамуынағ өркендеуіне, қосқан үлестеріңіз үшін облыс басшылығының, қала басшылығының атынан алғысымызды айтамыз.

Жиын соңында қаланың өркендеуі мен жастардың тәрбиесіне қосқан үлестері үшін белсенді ардагерлер Семей қаласы әкімі мен қалалық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды.