Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж мерейтойын атап өтті. Білім ордасының 120 жылдығына орай «Алаштың тұңғыш білім ордасы-тарихы, бүгіні, болашағы» атты халықаралық семинар-практикум ұйымдастырылып, танымал түлектерінің кабинеттері ашылды.
Шара Мұхтар Әуезов ескерткішіне гүл қоюдан бастау алып, «Оқу орнының түлектері-еліміздің тарихи тұлғалары» атты тағзым тақталарының ашылу салтанатымен жалғасты. Конференция барысында колледж тарихы туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді. Алаш ұлыларының білім ордасын ҚР Оқу-ағарту минстрлігі өкілдері арнайы келіп құттықтады.
Әсет Мұханбетов - ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және Кәсіптік білім Департаментінің директоры
Бүгін елімізде үлкен той болып жатыр. Яғни Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжіміздің 120 жылдығы, үлкен мерейтой. Осы колледжге бүгін келіп отырған қонақтардың арасында сол кездегі Алаш ұлыларының ұрпақтары, қазіргі таңда осы істі жалғастырып жүрген зиялы азаматтар қауымы келіп, осы колледжге деген құрметін білдіріп жатыр.
М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж білікті маман даярлауда аянбай қызмет етіп келе жатыр. Қазірдің өзінде колледжде мың жарым студент білім алса, 100-ден аса ұстаз қызмет етеді.
Шағангүл Жанаева- М.Әуезов атындағы Педагогикалық колледж директоры
Егер мұғалім дұрыс болатын болса, мұғалім білімді болатын болса ол ұлттың болашағы да зор. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, біз бүгінгі таңда кәсіби маманданып жатқан болашақ мұғалімдеріміздің алдына да осы жауапкершілікті қоямыз.
Конференция барысында фото көрме, мұрағаттық құжаттар көрмесі және Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтпаев, Қайым Мұхамедханов, Тұрлыхан Қасенұлы сияқты танымал түлектерге арналған тақырыптық кабинеттердің және колледж коворкинг орталығының салтанатты ашылуы және бірқатар кітаптардың тұсаукесері рәсімі өтті. Сондай-ақ,айтулы шараға колледжден түлеп ұшқан шәкірттері жиналды. 1987 жылы осы оқу орнын аяқтаған Жанат Қарманова бұл білім ордасының болашақ мамандарды тәрбиелеудегі ерекшелігіне тоқталды.
Жанат Қарманова- М.Әуезов атындағы Педагогикалық колледж түлегі
Нағыз ұстазды тәрбиелейтін осындай тарихы 120 жылдық оқу орны Қазақстанда барлығы, сол оқу орнын бітіргеніме мен өте қуаныштымын бұл қазақтың қара шаңырағы, білім ордасында біліммен қатар осы болашақ ұстаздарға мықты тәрбие, яғни елін сүюді, жерін сүюді бірінші тәрбиелейді.
Семинар-практикум барысында 22 педагог Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі және «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломымен марапатталды.