Жаздың аптап ыстығында қала тұрғындары суға шомылып, демалатын орын іздейді. Солардың бірі аспалы көпірдің жанында орналасқан аквапарк. Әсіресе балалар үшін таптырмас демалыс орны болды. Ыстық күндері халық іздеп келетін аквапарк жұмысын тоқтатып, қаңырап тұр. Оған не себеп? Тілшіміз анықтап көрді.
АСЛАН ЕРТІСБАЕВ – ТІЛШІ
Жаз мезгілінде балалардың сүйікті орнына айналған аквапарктың қазіргі жағдайы осы. Ескірген сырғанақтар, тат басқан бассейн. Құдды бір қараусыз қалған ғимарат іспеттес. Аспалы көпірдің дәл астында орналасқан бұл нысан қаланың көркін бұзып тұр.
Аквапарктің қызмет еткеніне 20 жылдан асқан. 1,32 гектарды құрайтын нысан 2000 жылдардың басында қолданысқа беріліп, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орынына айналған. Осы уақыт аралығында тоқтаусыз қызмет етіп келді. Алайда биыл есіктері жабық, шулаған бала көрмейсіз. Біздің түсіруші топ ғимаратты көріп шықты. Қазіргі жағдайын айтып жеткізу мүмкін емес. Нысан иесіз болғандықтан, аквапарк аумағында вандализм белгілері айрықша орын алған. Бәрі қиратылып, әйнектері сынып жатыр. Тоқтары жұлынып, қолға іліп алар дүние-мүлік қолды болған. Астан-кестеңі шыққан бүгінгі аквапарктің ішкі көрінісі осындай.
Балаларға, жастарға керек ол. Демалуға барады ғой. Шомылып осындай күндері жақсы ғой. Менің ойымша, жөндеуге жарайды ол. Жөндеп, балаларға сондай нәрсе керек.
Әрине, керек. Өйткені, балаларды апаратын басқа жер жоқ ғой бізде. Көбінесе үлкен кісілерге арналған тамақ ішетін жер. 21+ дегендей. Аквапарк әрине қажет нәрсе. Соны қайтадан ашса, жақсы болар еді негізінде.
Менің ойымша, әрине қажет. Балаларға да, аға буын өкілдеріне де бір жерде демалу үшін, бос уақытын тиімді өткізетін жер керек. Әрине, қаланы дамыту керек. Қазір шомылатын жерлер қауіпті деп айтуға болады. Ал аквапарк аумағында қандай да бір шектеулер бар. Алаңсыз жүре бересің. Жөндеуден өтсе жақсы болар еді.
Әрине, қажет. Ойлап қарасаңыз, бізде тек Затонда және сол жағалауда ғана жағажай бар. Басқа жерде шомылуға рұқсат етілмейді. Қалпына келтіру керек. Бірақ, мұны кім жасайды.
Аквапарктің жағдайын тұрғын үй коммуналды шаруашылығы бөлімінен сұрадық. Жеке меншік иесі қызметін тоқтатуына байланысты нысан коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарамағында. Аквапарктің қазіргі жағдайы өте нашар.
ҚАНАТЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВА - ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ
Қазір аквапарктың жағдайы өте нашар. 90%-ы тозған. Насостар, таза суды ауыстырып тұратын қондырғылар, содан кейін балалар сырғанайтын скат барлығы тозығы жеткен. Біздің тарапымыздан бұл аквапаркты қазір аукционға қойған болатынбыз. Бірақ қала тұрғындары және қаланың кәсіпкерлері бұл аквапаркты алуға ешқандай өтініштер түскен жоқ.
Оның ішінде, кеңсе, қысқы және жазғы кафе, жылжымалы төбе, секіру бассейні, пластикалық су сырғанақтары, субұрқақ, «Жартас» сарқырамасы көпірі, жағалауды нығайту керек. Осыдан екі жыл бұрын жеке кәсіпкер қасбет ғимаратын жөндеп, бояп, бассейндерді дайындау, кәріз құдықтарын сору, төгу құбырларын тазалау жұмыстарын жүргізген. Десек те, аз уақыт жұмыс істеп, шығынын өтей алмаған соң, қайта жабылған. Қалалық қаржы және экономика бөлімі мамандары аквапаркты жөндеу шығынын анықтау үшін есептеу жүргізуде. Белгілі болған кезде тағы аукционға қойылатын болады.
АСЛАН ЕРТІСБАЕВ