Облыс бойынша салық төлеміне берешек 500 млн. теңгеден асса, соның 497 млн. теңгеден астамы көлік салығына берешек. Көлік салығын төлемейтіндердің басым көбі Семей қаласының тұрғындары. 10 мыңнан астам адам борышкерлер тізімінде тұр. Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен көшпелі баспасөз конференциясы осы тақырыпқа арналды.

Жыл сайын уақтылы салық төлеу барлық салық төлеушілердің міндеті. Десек те, мыңдаған адам салықты дер кезінде төлемей, борышкерлер тізіміне кіреді. Қазіргі күні облыс тұрғындарының мүлік салығы мен көлікті қоса алғанда берешегі 502 млн. теңгеден асты. Соның 497 млн теңгесі көлік салығына қарыз болса, бұл соманың 389 млн. теңге қарызы семейліктердің еншісінде. Қазір кірістер органдарына қарыз 1 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 3450 теңгеден асса жеке тұлғаға берешегін өндіріп алу туралы шешім автоматты түрде қалыптастырылады және борышкерге жіберіледі. 5 жұмыс күні ішінде берешек төленбеген жағдайда, жеке сот орындаушылары мәжбүрлі түрде өндіріп алатын болады.

МҰРАТ АБДРАХМАНОВ- АБАЙ ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Салық кодексінің 4-тармағына 494-бабы сәйкес жеке тұлғаларға салық кезеңін ескере отырып, келесі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша салық төлеулері тиіс екенін хабарлайды. Абай облысында 2024 жылдың 13 маусымдағы жағдай бойынша берешек соммасы 502,6 млн теңгені құрады, бұл 15 426 тұрғын деген сөз.

Абай облысы бойынша МКД берешекті өндіріп алу мақсатында полиция департаментімен бірлесіп, борышкер азаматтың автокөлігін, мемлекеттік нөмірін "Сергек-Қорғау" тіркеу камераларының дерекқорына енгізу арқылы оларды ұстау бойынша рейдтер жүргізуде. "Сергек-Қорғау" жүйесін пайдалана отырып, 417 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Соның барысында 455 азаматтан 87 млн. теңге сомасында салық өндірілді.

ӘСЕМ ТҰРЛЫБЕКОВА- ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазір өздеріңізде куә блып жүрген шығарсыздар Абай облысының полиция департаменті қызметкерлерімен бірге МКД қызметкерлері бірігіп рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Ол рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында Сергек камераларына осы берешегі бар тұлғалардың көліктерінің мемлекеттік нөмірлері соның базаасына енгізілген, яғни ол планшетке түскен кезде, яғни айқындалған кезде машинаны тоқтатып сол жерде борышкерге салықты төлеуге мүмкіндік беріледі, төлемеген жағдайда оның көлігі арнайы көлік тұрағына әкетілетін болады.

Борышкер қарызын өтемеген жағдайда сот орындаушылары заңға сәйкес банктік шоттар мен мүлікке тыйым салуға құқылы. Сондай-ақ, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға шектеу қою, автокөлік айдауға тыйым салу және оны айыппұл тұрағына қою және т. б. шаралар қолданылатын болады. Салық сомасы туралы ақпаратты kgd.gov.kz web-порталынан "жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер" сервисінен, "e-Salyq Azamat" порталынан және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларынанан білуге болады.


АРАЙЛЫМ ӘЛИХАНОВА