Бүгін ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Дәл осы күні егеменді еліміздің мемлекеттік нышандары бекітілген болатын. Рәміздер күніне орай Семейде велошеру өтті. Спорттық-патриоттық іс-шараға 50-ге шақты велосипедшы қатысты. Толығырақ әріптесімнің бейнематериалында.

Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын ерекше белгі. Сондықтан, рәміздерді құрметтеу мен ұлағаттау әрбір Қазақстан азаматының парызы. Велошеру жастардың патриоттық сезімін арттырып, жігерлендіретін шаралардың қатарына енген.

ЕЛДАР МАҚСҰТОВ – СЕМЕЙ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бүгінгі іс-шара Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің аясында рәміздер күніне орай велошеру өткен болатын. Ол жерге, көріп тұрғандарыңыздай, 50 шақты велосипедистеріміз келіп, Түйемойнақ аралынан біздің туымызды ұстап велошерумен осы жерге келді.

Шеруге қатысқан велосипедшілер Бейбітшілік аралынан бастап орталық алаңға дейін мемлекеттік туды желбіретіп, шараны тамашалаушыларға ерекше рух сыйлады. Қатысушылардың айтуынша, бұндай іс-шаралар жасөспірімдердің ел мен жерге, Отанға деген сүйіспеншілігі мен шексіз құрметін арттыра түспек.

РАДМИЛЛА ЗАХАРОВА – ВЕЛОСИПЕДШІ
Менің ойымша, бұндай іс-шаралардың көп болғаны дұрыс, себебі олар балалардың патриоттық сезімін оятып, өздерінің тарихына деген қызығушылықтарын оятады. Біздің велотобымыз осындай іс-шаралардың біреуін де қалт жібермейді.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін асқақтатып, әлемдік аренада танымал ету әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы.


СҰЛТАН ЖОЛАМАНОВ