Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында полицейлер жедел шаралар өткізуде. Жүргіншілер жол ережесін жиі бұзады. Жыл басынан бері Абай облысында жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен тұрғындарға қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1 мыңнан аса фактісі тіркелді. Жолдағы қауіпсіздік тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де тығыз байланысты. Жол-көлік оқиғасына белгіленбеген жерден өткен жаяу жүргіншілер де кінәлі болып жатады. Кейбіреулер тіпті жолдан өтіп бара жатса да, телефонға қарауды тоқтатпайды. Құлаққап арқылы музыка тыңдайды. Енді бірі телефонмен сөйлеседі. Бұл да жүргіншілерді алаңдатады. Полицейлердің айтуынша, белгіленбеген жерден өткен жүргіншілерге 2 АЕК немесе 7 384 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ережені бір жыл ішінде қайта бұзған жағдайда айыппұл 10 АЕК-ке немесе 36 920 теңгеге дейін ұлғаяды.

БАУЫРЖАН САДАҚБАЕВ - АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
2024 жылдың өткен кезеңінде 1 мыңнан аса жаяу жүргінші жолдың белгіленбеген жерінен өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яғни, аталған құқық бұзушылыққа қатысты 615-бап бойынша жазаға тартылды. Абай облысының Пполиция Департаментінің қызметкерлері күн сайын жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол -көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуде.

Біздің өңірде "Назар аударыңыз, балалар!». атты республикалық акция өтуде. Абай облыстық полиция департаментінің қызметкерлері балалар мен жасөспірімдер арасындағы жол-көлік жарақаттарының алдын алуға бағытталған іс-шараға белсенді қатысуда.

БАУЫРЖАН САДАҚБАЕВ - АБАЙ ОБЛЫСЫ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Балалар мен ата-аналар және оқу орындарының оқытушыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жас жол инспекторларының облыстық слеті ұйымдастырылды, онда балалар мен жасөспірімдердің жол қозғалысы ережелерін сақтау дағдылары үйретілді.

Статистика көрсеткендей, жаяу жүргіншілер ережені жиі бұзады. Жолдағы апаттардың үштен бірі жүргіншінің қатысуымен тіркеліп жатады. Белгіленбеген жерден өту жол қозғалысының барлық мүшелеріне қауіпті екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет.


НҰРГҮЛ САДЫҚОВА