Семейде полицияға қоңырау шалып, Затон ауданындағы мектепті террористер басып алғаны туралы хабарлаған жасөспірімдер есепке алынды. Олар жалған ақпараттарымен сабақтың өтуіне кедергі келтірмек болған. Толығырақ әріптесім тарқатып айтады.

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Затон ауданындағы мектепті террористер басып алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл жаңалық қала тұрғындарын үрейге салды. Алайда, кейінірек ақпараттың жалған екені және ол мектеп оқушыларының әзілі екені анықталды.

АЙДАНА ҚОЗЫБАЕВА – ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ МЕДИА-АНАЛИТИКА ТОБЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ
Ағымдағы жылдың 17 қаңтарында 13 және 14 жас аралығында екі жасөспірім жедел арнаға қоңырау шалып, оқу орнын террористер басып алғаны туралы хабарлады. Оқиға орнына дереу арнайы қызметтер мен жақын маңдағы полиция экипаждары жіберілді. Қоңырау расталмады. Арнайы қызметкерлері жалған шақырғаны үшін жасөспірімдердің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар бұл әрекеттін кінәсін мойындап, оқу сабақтарын бұзу үшін бұзақылық ниетпен әрекет жасағанын түсіндірді.

Жасөспірімдердің ата-аналарына 28 мың теңге айыппұл салынды. Ал оқушылар есепке алынды. Айта кетейік, соңғы аптада мектептердегі шабуыл туралы хабарламалар Қазақстанның басқа қалаларында да тіркелген. Мысалы, Ақтөбеде белгісіз адам 26 қаңтарда бірнеше жергілікті мектепке шабуыл жасайтыны жөнінде хабар таратқан. Сол күні мыңға жуық оқушы сабаққа келмеді. Қала тұрғындары мұндай әзілдер үшін оларды қатаң жазалау керек деп санайды.

Әрине, жазалау керек. Бұл дегеніміз бетімен кеткендік деп санаймын. Бірақ мен судья емеспін және оларды қалай жазалау керектігін білмеймін.
Әрине, біз балаларымыз үшін қауіпсіздіктің сақталғанын қалаймыз. Оларды ата- анасы бақылауда ұстау керек, себебі балалар қазір адасып жатыр. Әсіресе жоғары сынып оқушылары ойына келгенін істейді. Және мына іс- әрекеттері үшін де жазалау керек. Жай қалдыра салуға болмайды.
Жалған ақпарат таратқандарға жазаны күшейту керек. Себебі, ол ақпарат тек жастарға ғана емес, үлкен адамдарға да тарады. Ол кісілер не ойлайды. Науқас адамдарға ауыр тиуіде мүмкін.

Сонымен қатар біз қаламыздағы мектептер балалардың қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз ететінін білуді шештік. Семей қаласының білім бөлімі басшысының орынбасары Валентина Шипилова қаланың барлық мектептері турникеттермен және ішкі бақылау жүйесімен жабдықталғанын жеткізді. Сондай-ақ, мектепке кіре берісте бетті тану және ата-ана бақылауы жүйесі орнатылған.

ВАЛЕНТИНА ШИПИЛОВА-СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жалпы білім беру мекемелерінде, қала мектептерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 3 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Бейнебақылау жүйесі бүгінгі стандарттарға сәйкес келеді. Қаланың 54 мектебінде бейнебақылау жүйесі жедел әрекет ету үшін жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен қатар, қаламыздағы барлық мектепте дабыл түймелері орнатылған.

Валентина Шипилованың айтуынша, қазір қала мектептерін арнайы дайындалған мамандар күзетеді. Айта кету керек, мамандандырылған қызметтер мектепке дабыл түймесін басқаннан кейін 5-8 минуттан кейін жетеді.


Жұлдызай Маратқызы