Аягөз ауданы, киелі Шұбартау өңірі Өркен ауылының құрылғанына 50 жыл толды. Ауыл халқы бірігіп, мерейлі жасқа сәйкес, ұлан-асыр той жасады. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Толығырақ әріптесім Аслан Ертісбаевтың сюжетінде.
Аягөз болысына қарасты Бақанас ауылдық кеңесі 1920 жылы құрылған. Кейіннен колхоздастыру кезеңінде осы төңірегіне бірнеше шаруашылық топтастырылған. 1956 жылы Таңсық кеңшарынан бұрынғы Шұбартау ауданы құрамындағы Калинин атындағы кеңестік шаруашылық бөлініп шықты. Соның бірі 1974 жылы 14 мамыр күні өзалдына Бақанас қой совхозы болып құрылып, оның негізінде Бақанас, Өркен ауылы болып бой көтерді. Мерейтой қарсаңында киіз үй қалашығы құрылып, күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күресі сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Әкімшілік тарапынан ауданның дамуына үлес қосқан еңбеккерлерге алғыс хаттар табысталды.
Қанат Әділбай – Аягөз ауданының әкімі
Кемелденген өңірдің жері Қазақстанның ажырамас бір бөлігі саналатын ауылдық округтің өсіп-өркендеуі күннен-күнге қарыштап келуде. Бұл өлкеде ауқымы кең істер атқарылып, жетістіктер алаңына айналуына мен тілекшімін. Өркенің өссін Өркенім, қасиетті менің мекенім. Халқымыз аман болып, бірлігіміз берекеге ұласа берсін! Туған жеріміздің жұлдызы әркез биік болғай, құрметті ағайын.
Ауылдың мәдениет үйінде Сарыарқаның 60 жылдық тарихын түгендеген ғылыми тəжірибелік конференция өтті. Онда тарихшы ғалым мен зерделі шежіреші деректерді ортаға салды. Өркен ауылының әрбір бұрышының өзіндік қайталанбас тарихы мен мәдениеті бар. Тарихы тереңде жатқан бұл өлке көптеген дарынды, кемеңгер тумаларымен танымал. Аудан болып атап жатқан шарада ауызбіршілік танытып, атаулы 50 жылдыққа бір кісідей жиналған ауыл тумалары, кешегі еңбек адамдарының ұрпақтары.
Балтабек Тұрлыбеков – Ауыл тұрғыны
Қаншама халық, ауылдың халқы, зейнеткері бар бәрі осы 50 жылдыққа атсалысып, көмектесіп жатыр. Сондықтан да рахмет. Біз қазір өте жоғары көңіл-күйдеміз. Аман болайық, Мереке құтты болсын.
Төлеш Дайыров – Ауыл тұрғыны
Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр тойымыз. Қаншама қазақ үй тігіліп жатыр, қаншама халық жиналып жатыр. Мысалы, ауылымыздан бұрын көшіп кеткен азаматтардың өздері осыған үлестерін қосып, осындай тойды дүрілдетіп, өткізу үшін көп көмектерін жасап жатыр. Үлкен рахметімді айтамын мен ауылдың азаматтарына.
Еңілік Құсайынова – Ауыл тұрғыны
Құрметті ауылдастарым, өркендіктер бүгінгі 50 жылдық мерейтойларың құтты болсын. Елу жылда ел жаңа дейді. Бұрынғы біздің білім берген ұрпақтарымыз бүгінде үлкен ауылдың азаматтары, еліміздің азаматтары. Сондықтан осылармен мақтанамыз. Ауылымыз көркейе берсін, гүлдене берсін. Той тойға ұлассын.
Бұл күні күрестен аудан бойынша «Бақанас барысы» өтті. Оған 21 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша 1-ші орынды Тарбағатай ауылынан келген Мейіржан Беріков жеңіп алса, 2-ші орынды Бидайық ауылының палуаны Бақытқали Қойшығали қанжығасына байлады, ал жүлделі 3-ші орынды тарбағатайлық Мұхаметжан Сайлаубеков пен өркендік Бек Келісов иеленді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды.
Мейіржан Беріков – жеңімпаз
Жарыс жақсы өтті. Өзіміздің залдағы балалар ғой барлығы, ағалар, бауырлар. Жарыс күшті өтті. Бірінші қарсыласымнан бастап жақсы болды. Бірінші қарсыласым өзімнің жақын досым. Спортпен шұғылданыңдар. Кеше ғана Елдос Сметов ағамыз олимпиада чемпионы болды, соның ізін қуып, бір мотивация берді ғой кішігірім.
Қазақ жерінің әр бөлшегі қасиетті, әр тау-тасы қадірлі. Айтар сыры мол, ұлы даладан ойып алар орны бар Өркен жері де сол қатардағы қастерлі мекеннің бірі. 50 жылдық мерейтой тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Шара жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Аслан Ертісбаев