Абай облысында пауэрлифтинг спорты жақсы дамып келеді. Олай дейтініміз, халықаралық жарыстарда жерлестеріміз топ жарып жүр. Мәселен, 6-13 шілде күндері Жапонияның Химэдзи қаласында спорттың осы түрінен Азия, Африка және Океания елдері арасында чемпионат өтіп, жерлестеріміз ел намысын абыроймен қорғады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді теміржол бекетінде салтанатпен қарсы алды.

Қаумалаған қауымның қуанышы ортақ. Күншығыс елінен олжалы оралған спортшыларды қарсы алуда. Байрақты бәсекеде 20-дан астам елдің жалауы желбіреді. Оның үстіне кіл мықтылар, зілтемір көтерудің хас шеберлері жиналыпты, сен тұр мен атайын деген. Жарыс жолында жерлестер осы спорттың төрт түрінен бақ сынады. Бақ жанып, бап келісіп, барлық түрінен де алтын, күміс, қола медаль қоржынға түсті.

АНДРЕЙ АЛТАЙБАЕВ, ПАУЭРЛИФТИНГТЕН АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
«Біздің спортшылар барлық дивизион бойынша қатысуға өтініш берді. Спортшылар арасында бәсеке өте күшті болды деуге болады. Барлығы да жеңіске лайықты. Спортшылар босаңсымай, жинақы өнер көретті. Біздің облысқа 36 медаль әкелдік. Жарысқа қатысқан бес спортшы да Семей қаласынан».

Андрей Алтайбаев, Марина Алтайбаева, Яков Ионин ересектер арасында сынға түссе, Тимур Сүлейменов жастар, Александр Лазарек жасөспірімдер арасында бақ сынады. Яков Ионин ерлер арасында 74 келіде зілтемірді жатып көтерудің классикалық түрінен бірінші орын, экипировкалық жатып көтеруден екінші орын алды.

ЯКОВ ИОНИН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ
 «Жақсы көрсеткіш көрсеттік. Яғни, бірінші, екінші орын алдық. Ең мықты спортшылар қатысқан сайыста жақсы көрсеткіштерге ие болдық. Бір чемпионатта бірден бірнеше түрден сынға түстік. Біз барлық түрінен қатысып, ойдағыдай нәтижеге қол жеткіздік».

Андрей Алтайбаевтың айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айынан бері пауэрлифтингтен бірнеше елішілік, халықаралық жарыстар өткен. Біздің өңірдің спортшылары жарыстардан құралақан қайтқан кезі жоқ.

АНДРЕЙ АЛТАЙБАЕВ, ПАУЭРЛИФТИНГТЕН АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
«Бұған дейін біз бірнеше жарысқ абардық. Желтоқсанда Ташкентте чемпионат болды, наурызда Шымкентте іріктеу өтті, сәуірде Аксайда іріктеу болды, мамыр айында Үндістанға чемпионатқа бардық. Оған жастарды алып бардық. Олар 12 алтын медаль жеңіп алды. Норвегияда мен әлем чемпионы атандым».

Абай облысында спорттың осы түрі қазір қарқынды дамып келеді. Оған жоғарыда айтқан көрсеткіштер дәлел бола алады.


ЕРЗАТ ЖАНАТҰЛЫ