2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми қолданысқа енді. Жоба аясында 1 ақпаннан бастап 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды. Алдын ала мәлімет бойынша, жоба алғашқы жылдың өзінде 7 миллионнан астам баланы қамтиды.

Өскелең ұрпақ үшін ұлттық байлықты біркелкі бөлу мүмкіндігі Ұлттық қор құрылғалы бері алғаш берілді. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының үйлестірушісі – Қаржы министрлігі. Ал операторы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. 18 жасқа толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, оның ішінде шетелде білім алу мүмкіндігіне жұмсай алады. Бірақ баспананы тек Қазақстан аумағынан сатып алуы керек. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтау шотына аударылады. Қаржы барлық балаға тең бөлінеді.

РЕНАТА ТАХИРОВА – АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ КЕАҚ PR-МЕНЕДЖЕРІ
Бәріміз білетіндей, 2023 жылғы 16 қарашада еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының 18 жасқа дейінгі балаларының жеке шоттарына ҚР Ұлттық қорынан қаражат аудару туралы Заңға қол қойды. Осылайша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жұмыс істейді. Яғни, барлық қаражат бірыңғай ұлттық қордан жеке шоттарға аударылатын болады. Олар жеке тұлғалар базасы есебінен ашылады. Балалардың ата-аналары банктерге немесе Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қорына жүгінудің қажеті жоқ. Сіздің балаңыз «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қатысушысы екенін тексеру үшін eGov.kz немесе eGovMobile қосымшасы арқылы біле аласыз.

Егер балаңыздың деректері eGov-та жоқ болса, платформада «баланы қосу» деген батырма бар. Соны басып, баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тіркеуге болады. Ал тіркеу кезінде ақпараттар шықпай жатса, «түзету» батырмасына өтіп, өз құжатыңызды, балаларыңыздың туу туралы куәлігін енгізесіз. Ата-аналар ешқандай құжат жинамайды, өйткені процесс тұтас автоматтандырылған. Семейліктерден ой қандай.

Жақсы, жақсы пікірдемін. Балаларға төленіп жатса, жақсы ғой. 18 жасқа толғанша балалардың ақшасы жиналып жатады. 18-ге толған соң бала өзінің керегіне жаратады немесе оқуына төлейді оқуға түссе ақылы түрде немесе пәтер алып жатса, пәтерге бастапқы жарна ретінде төлеуге болады деп солай айтып жатыр барлық жерде. Білеміз. 00:48
Иә, өте жақсы жоба. Балаларға берген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Өйткені, балалар болашақта білім алуына, екінің бірі грантқа түсіп кете алмайды ғой, сол кезде оқуына немесе денсаулығына жұмсағанына жақсы бастама деп білемін. Мен енді eGov-қа тіркелмекші болып, жеке кабинетке кірейін деп едім, кірмей қойды ма, eGov істемей қойды ма, сол беті ары қарай жалғастыра алмадым. ЦОН-ға барып үй жақтан, соған барып тіркеліп көремін.
Өте жақсы. Уақытылы. Балалары бар адамдардың барлығына қажет. Бұл өте жақсы. Алла Президентке және басшыларға денсаулық берсін. Барлығына ұнамды дұрыс шешім қабылданды.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражаты 10 жыл сақталады. Осы 10 жыл ішінде шоттағы ақша талап етілмеген жағдайда сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Болжам бойынша 2024 жылы туған баланың шотына 18 жылда 3500 АҚШ доллары жиналуы тиіс. Ал жыл сайын шамамен 150-160 доллар аударылады.


АСЛАН ЕРТІСБАЕВ