Полиция департаменті қала тұрғындарына интернет-алаяқтардың белсенділігі артқанын ескертіп, сақ болуға шақырады. Құзырлы органның мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар жиілеген. Алаяқтар өздерін сот немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға «сот отырысы тағайындалды» деген мазмұнда хабарламалар жібереді. Олар «келмеген жағдайда айыппұл салынады» деп қорқытып немесе «мәселені сотқа жеткізбей шешуге болады» деп, арнайы сілтемеге өтуді ұсынады. Алайда бұл сілтемелер ресми сайттарға ұқсатып жасалған жалған платформаларға алып барады. Онда пайдаланушылардан жеке деректерін, соның ішінде ЖСН, банк картасының мәліметтері мен SMS-кодтарды енгізу талап етіледі. Мұндай ақпарат алаяқтардың қолына түскен жағдайда, олар оны қаржы ұрлау мақсатында пайдалануы мүмкін. Полиция департаменті мемлекеттік органдар ешқашан күмәнді сілтемелер таратпайтынын еске салды. Осыған байланысты тұрғындарға белгісіз сілтемелерге өтпеу, жеке мәліметтерін жарияламау және күмәнді жағдайларда бірден құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады. Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы – қырағылық пен ақпараттық сауаттылық.