Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен келді.Сапар аясында Президент Семей жұртшылығымен кездесті. 
Мемлекет басшысы кездесуде Семей еліміздің қарқынды дамуының тағы бір полюсі болатынын айтты. Мемлекеттің шынайы қуаты өңірлерде қалыптасатындығына сенімдімін. Сондықтан «Қуатты аймақтар - қуатты ел« қағидаты менің саяси бағытымның негізгі негіздерінің біріне айналды», - деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті Абай облысын құру туралы шешім кездейсоқ және жағдаятқа байланысты емес екендігін баса айтты. «Бұл жалпы қоғамның үмітіне ғана емес, стратегиялық есептеулерге де байланысты мұқият тексерілген қадам болды. Нақты әкімшілік-аумақтық реформа аясында біз бүкіл Шығыс Қазақстанның тарихи орталығын қайта құрдық. Заманында Семей халықаралық транзиттік сауданың маңызды торабы болды. Ал бүгінде облыс екі ірі көршіміз – Ресей мен Қытаймен шекараласып, елдің шығыс өңірлерін біртұтас байланыстырады. Осынау орасан зор көліктік-логистикалық және сауда-экономикалық әлеуетті толық пайдалану қажет. Болашақта Семей Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбемен қатар белсенді адамдарды, инновациялар мен инвестицияларды тарта отырып, еліміздің қарқынды дамуының тағы бір полюсі болады деп санаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Семейде заманауи жылу электр орталығын салып,инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырды.  Кездесуде Президент ұлттық жаңғырудың жаңа белесіне қадам басуымыз керектігін алға тартты. «Семей өткен ғасырдың басында қазақтың рухани астанасы саналған. Абай бастап, Алаш арыстары жалғаған ұлы жол ұлтымызды есейтіп, мүлде жаңа деңгейге көтерді. Олар қазақтың болашағы қандай болуы керектігін айқындап берді. Біз алыптарымыздың іргелі идеяларын ұстана отырып, ұлттық жаңғырудың жаңа белесіне қадам басуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Президент Абай облысындағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырды.